2026 жылғы 13 тамызда облыс прокуратурасы Полиция департаментімен, жергілікті атқарушы органдармен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп өңір аумағында «Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі» акциясын өткізді, 7152.kz хабарлайды.
Іс-шара қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Акцияға 100-ден астам бала қатысты.
Жолға шығар алдында патрульдік полиция қызметкерлері нұсқама өткізіп, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану және автокөлікте өзін-өзі ұстау қағидаларын түсіндірді.
Алдын ала белгіленген бағыттар бойынша қозғалыс кезінде полиция қызметкерлері практикалық мысалдар арқылы балаларға жолдың жүру бөлігін кесіп өту қағидалары, қауіпсіз жылдамдық пен арақашықтықтың маңызы, автокөліктің шолу мүмкіндігі мен көрінбейтін аймақтардың ерекшеліктері, қоғамдық көлік аялдамалары маңындағы жүріс-тұрыс, сондай-ақ жол маңында телефондар мен құлаққаптарды пайдаланудың қауіптілігі туралы айтып берді.
Таныстыру сапарлары аяқталғаннан кейін прокуратура және полиция қызметкерлері қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектесетін негізгі қағидаларды еске салды.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыс облыс прокуратурасы қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.