18+

Қазнетте не талқыланды?

Апта ішінде әлеуметтік желіде бірнеше оқиға қызу талқыланды. Жанель Мақажан ажырасуына қатысты ашық мәлімдеме жасаса, KeshYou тобының концертінде төбелес болды. Ал әнші Sadraddin Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға байланысты Алматыдағы концерттерін кейінге қалдырды.

Жанель Мақажан ажырасу себебін айтты

Актриса Жанель Мақажан әлеуметтік желідегі оқырмандарының сұрақтарына жауап беріп, бұрынғы күйеуімен не себепті ажырасып кеткенін ашық айтты.

Өнер иесінің сөзінше, отбасылық өмірінде күйеуінің туыстарымен түсініспеушілік болған. Ол бұрынғы жолдасы әйелі мен балаларын қорғамағанын және туыстарының сөзіне еріп, отбасынан кеткенін мәлімдеді.

Актриса ажырасқаннан кейінгі жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі өзін сырт көзге жақсы әке әрі жақсы жар ретінде көрсеткен. Жанель Мақажан бұл жағдайды сатқындық деп бағалаған.

Актриса жазғандарының әзірге оқиғаның бір бөлігі ғана екенін айтып, барлығын толық баяндаса, оқырмандардың таңғалатынын жеткізді. Оның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

KeshYou концертінде төбелес болды

Астанада KeshYou тобының 20 жылдығына арналған мерейтойлық концерт кезінде күтпеген жағдай болды. «Барыс Аренада» өткен шараның фан-аймағында екі ер адам жанжалдасып, кейін төбелескен.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда ер адамдардың алдымен сөзге келіп, кейін төбелескенін көруге болады.

Жағдайға байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта жанжалға қатысқан адамдардың жеке басы анықталуда. Полиция тексеру нәтижесіне қарай тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді.

Sadraddin концерттерін кейінге қалдырды

Sadraddin Алматыдағы концерттерін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұған Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қайғылы жағдай себеп болған.

Бұған дейін әншінің Алматыдағы Орталық стадионда концерттері 26 және 27 қыркүйекке жоспарланған еді. Енді 26 қыркүйектегі концерт 27 қыркүйекке, ал 27 қыркүйектегі концерт 28 қыркүйекке ауыстырылды.

Әнші бұл туралы әлеуметтік желідегі видеоүндеуінде хабарлады.