18+

Апта айнасы: Қазнетте қандай қызықты тақырыптар талқыланды?

Әлеуметтік желідегі күтпеген дау, Алматыдағы танымал америкалық брендтің қайта ашылуы және әлемдік рейтингке енген қазақстандықтар. Соңғы күндері желіде қызу талқыланған үш тақырыпқа тоқталамыз, хабарлайды 7152.kz тілшісі

ТОҚАЕВ ПЕН ДИМАШ ӘЛЕМДЕГІ ЫҚПАЛДЫ 500 МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАТАРЫНДА

Қазақстандықтар халықаралық тізімнен тағы көрінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайберген The Muslim 500 рейтингінің 2027 жылғы шығарылымына енді. Тоқаев саясат саласында, ал Димаш өнер мен мәдениет бағытында аталған. Рейтинг әлемдегі ықпалды мұсылман тұлғаларды түрлі сала бойынша анықтайды. Бұл жолы Қазақстанның атын халықаралық деңгейде танытып жүрген екі тұлға да тізімнен орын алды.

ӘКЕНІҢ ҚЫЗЫН ЕРНІНЕН СҮЙГЕН ВИДЕОСЫ ЖЕЛІДЕ ДАУ ТУҒЫЗДЫ

Өскеменде түсірілген видео әлеуметтік желі қолданушыларын екіге бөлді. Кадрда әкесі 12 жастағы қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйеді. Бірі мұны отбасылық жақындық деп қабылдаса, енді бірі мұндай әрекетті орынсыз деп санайды. Видеоның таралуынан кейін полиция тексеріс бастаған. Оқиғаға тиісті мемлекеттік органдар да назар аударды. Ал қыздың ата-анасы желідегі сынға жауап беріп, өз ұстанымдарын қорғауға дайын екенін жеткізді.

DUNKIN’ АЛМАТЫҒА ҚАЙТА ОРАЛДЫ: ТАНЫМАЛ ПОНЧИКТЕРДІ ЕНДІ ҚАЛАДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ

Бір кездері қазақстандықтарға таныс болған америкалық Dunkin’ бренді араға бірнеше жыл салып, елге қайта оралды. Бұл жолы бренд Алматыда алғашқы толыққанды мейрамханасын ашты. Жаңа орын Гоголь мен Қонаев көшелерінің қиылысында, Панфилов саябағының маңында орналасқан. Мәзірде түрлі салмасы бар танымал пончиктер, кофе және салқын сусындар бар. Ал Алматыға арнайы әзірленген Almaty Donut тәттісі қала қонақтары мен тұрғындарының назарын аударуы мүмкін. Енді америкалық пончиктердің дәмін тату үшін шетелге барудың қажеті жоқ!