Қазақстандық өнерпаздар мен отандастарымыз шетелде де, ел ішінде де көпшіліктің назарынан тыс қалмады, Димаш Құдайберген Латын Америкасында мыңдаған жанкүйерін жинаса, Қазақстанда туған ару Францияның басты сұлулық байқауының финалына өтті. Ал Мақпал Жүнісованың жас әншінің сахналық киіміне қатысты пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланды, 7152.kz шолушысы хабарлайды.
Димаштың Чилидегі концерті аншлагпен өтті
Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Сантьягодағы алғашқы жеке концерті аншлагпен өтті. 24 қарашада әлемдік DIMENSIONS туры аясында ұйымдастырылған шоуға мыңдаған көрермен жиналды.
Концерт барысында чилилік жанкүйерлер әншінің шығармаларын бірге орындап, оны зор қошеметпен қарсы алды. Әсіресе «The Story of One Sky» композициясы кезінде көрермендердің ақ жалаушалар көтеруі ерекше әсер қалдырды.
Айта кетейік, концерттік бағдарламаға Димаштың авторлық әндерімен қатар қазақтың халық әндері де енген. Сонымен қатар көрермендерге әншінің інісі Әбілмансұр Құдайберген жазған «Release My Soul» атты жаңа композициясы ұсынылды.
Қазақстанда туған Камила Алаш «Miss France – 2027» тәжіне таласады
Қазақстанда дүниеге келген 24 жастағы Камила Алаш Франциядағы «Miss France – 2027» ұлттық байқауының финалына өтті.
Ол қыркүйек айында «Miss Île-de-France» өңірлік байқауында жеңіске жетіп, Париж және оған іргелес аумақтардың атынан ел көлеміндегі додаға қатысу құқығына ие болған.
Камила әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің қазақ тамырымен мақтанатынын бірнеше рет атап өткен. Қазіргі уақытта ол журналистика факультетінде білім алып, модельдік мансабын қатар дамытып жүр. Сондай-ақ тенниспен көп жылдан бері айналысады.
Айта кетейік, «Miss France – 2027» байқауының финалы 12 желтоқсанда Пуатье қаласының маңындағы Futuroscope аренасында өтеді.
«Мен мұндай киіммен үй жинаймын»: Мақпал Жүнісова Айдана Меденованың образын сынға алды
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әнші Айдана Меденованың сахналық киіміне қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде қызу талқыға себеп болды.
Оқиға Айдана Меденова Instagram парақшасында жаңажылдық бағдарлама түсірілімінен видео жариялағаннан кейін басталған. Кадрларда әнші қара түсті, денеге жабысып тұратын комбинезон мен қызғылт қауырсынмен көмкерілген ұзын кардиган киген.
Алайда бұл образ Мақпал Жүнісоваға ұнамаған көрінеді. Халық әртісі видеоның астына: «Мен мұндай шалбармен үй жинаймын» деп пікір қалдырған.
Әншінің бұл сөзі желі қолданушыларын екіге бөлді. Бірі Мақпал Жүнісованың пікірін қолдаса, енді бірі Айдана Меденованың киім таңдауын қорғап, әр өнерпаздың жеке стилі болатыны туралы жазды.