Асыл азамат
11:57, 25 января 2021 г.

Ардақты асыл азамат еді...

Асыл азамат

Фәни дүниеде өзгермейтін, тарих жүгін арқасына артып алып тек қана алға жылжи беретін де уақыт. Мүмкін, мәңгі бақи деген, өмірде уақыт деген өлшемнің керегі болмас, ал бұл  өмірде, адам өмірінің өзі қамшының сабымен «қас қағым» сәттен өлшенеді ғой.

Адам ұзақ өмір жасады ма, әлде қысқа ғана өмір сүрді ме өткеннен кейін соның бәрін «қасқағым сәтпен» теңеген дана халқымның данышпандығына таң қаласың.  Уақыт емші дейді, емші болса емші де шығар, бір-ақ денеге түскен жараның орны қотырланып барып біткенімен, орнында әйтеуір бір сызат қалатыны да ақиқат қой. Сол жараның орнындағы сызат та, шодырланып біткен сүйектегі сынық та бұлтты күндері өзінің денеңде бар екенін есіңе сап, сыздап ауыратыны бар. Ондайда дәрі-дәрмек ішіп, білетін ем-домыңды жасап ауруды алдарсың. Ал жаның құлазып ауырғанда ешқандай ем-домыңыз көмектесе алмайтыны да баршаға аян.

Осы мақаламызға арқау болып отырған елдің аптал азаматтарының бірі, жаны жайсаң ардақты азамат Жақсыбай Қалымтайұлы Төрегелдин көзі тірі болса 70 жасқа толар еді. Оның өмірі осыдан 29 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың тамыз айында 41 жасқа қараған шағында бұл дүниеден бақилыққа озып кете барды.

Аяулы азаматтың көзі тірі болса бү­гінгі күні ол туралы айтылар сөз де, оның атына білдірер лебіз де басқаша өрбіген болар еді. 40 жасында дүние­ден өткен, бергенінен берері мол асыл ағамыз туралы өткен шақ­та сөйлеу кімге де болса ауыр тиері анық.
Иә, ол өмірден өткен жылдар ішін­де өзіне ғана тән ерекше қасиеттері­мен жанымызда жаңғырып, рухы биіктей түскен секілді.

– Дүние, ойлап тұрсан шолақ екен, адам­дар бір-біріне қонақ екен, – де­ген халық даналығы қандай дәл айтыл­ған.
Жақсыбай ағамыз өз өмірін, жасаған еңбегін ел болашағына арнап, барлық білімін, тәжірибесін сол жолға жұмсады. Жақсыбай Қалымтайұлының сөзі мен ісінде алшақтық және қойылатын мақсатқа жетер жолда өзін де, өзгені де аямайтын. Ол өмірінде жылы орын, жұмсақ кресло іздемеген азамат. Уақыт емші дегенмен ондай тұлғасы биік жанды жүрегің сыздамай еске алу мүмкін емес тәрізді.
Жақсыбай Төрегелдин өмірдің бейнеті мен зейнетін қызу шабытпен, түзу бағы­ты­мен, алған бетінен айнымай, ауыс­палы кезеңдерде ауытқымай, адас­пай, ту­ған халқының келешегіне са­рабдал оймен қарап, заман ағысын қатесіз аңдай білетін еді.

Қандай да бір қайраткерлердің еңбегін бағалағанда ең алдымен оның өзі өмір сүрген қоғамға сіңірген еңбегі басты өлшем ретінде алынары даусыз. Жақсыбай Қалымтайұлы Кеңес одағы кезінде талай жауапты қызметтерде болып, биліктің биік тұтқасын ұстап, ауданның экономикалық дамуына, мәдениеттің өркендеп өсуіне зор үлесін қосқан беделді әрі абыройлы тұлға болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ол өзіне де, қарамағындағыларға да қатаң талап қоя білетін, әділ әрі кең ойлап, күрделі мәселелерді тура шешетін басшы ретінде танылды. Ең бастысы – талантты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде өзін көрсетіп, қызметте қарапайым, ашық сөйлесетін, оның үстіне тәртіп пен адами мәдениетті қатаң ұстанатын. Ол қызмет бабында жөнсіз қазбалыққа, майдалыққа бармайтын. Кадрларды бір қызметтен екінші қызметке ауыстырғанда әбден ойланатын. Қарамағындағылардың отбасы жағдайына да қарайтын. Олардың адами қасиеттеріне терең назар аударатын еді.

Жақсыбай Қалымтайұлы 1951 жылы 25 қаңтарда Арықбалық ауданына қарасты Мәдениет (қазіргі Қарасай батыр) ауылында дүниеге келген. Целиноград қаржы-экономикалық техникумын, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген.

Алғашқы еңбек жолын «Қаратал» кеңшарында бөлімшенің аға экономисі болып бастайды. Содан кейін «Бұрлық» кеңшарының бухгалтері, «Комаров» кеңшарының еңбек және жалақы жөніндегі экономисі, «Қаратал» кеңшарының бас экономисі қызметтерін атқарады.

1979 жылдан Володар ауданындағы ењ ірі шаруашылықтардыњ бірі – Қазақстан аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің партия ұйымын басқарады. Осы жылдары Жақсыбай Қалымтайұлы оны партия жұмысының озыұ әдістері мен түрлерін енгізе отырып, аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының санатына қосты. Оның айтқан сөзі істеген ісінен алшақ кетпейтін. Ол қарапайым адамдардың талап-тілектерін жақсы біліп, түсінетін, оларға ұлкен құрметпен қарайтын, қиын сәттерде ұдайы кімегін аямайтын. Сондықтан да жоғары беделге ие болды.

1985 жылы Володар мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің директоры лауазымына тағайындалып, бір жыл қызмет атқарғанда көп істерді тындырды. Көп жылғы тоқыраушылықтан кейін жаңа тұрғын үй құрылыстары салына бастады, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында ілгерілеушіліктер байқалды.

1986 жылдан өмірден озғанынша басқарған Үкілі Ыбырай атындағы (Карасев) кеңшары ауданымыздағы көп салалы, ірі шаруашылық болатын. Ол кеңшар да сол кезде бастарынан қиындық кешіп отырған. Орасан шығындар, құлдырап кеткен мал және егін шаруашылығы, көптеген әлеуметтік мәселелер. Шаруашылықты артқа қалушылардың қатарынан алып шығу үшін де көп күш, ұйымдастырушылық қабілет, сарқылмас қуат қажет еді.

Ол басшылық еткен жылдары кеңшардың ісі алға басқандығын бүгін бәрі де біледі. Сол кезде шаруашылық еңбеккерлерінің жаңа пәтерлер, мектептер, мал шаруашылығы фермалары мен тағы да басқа көптеген игі істері үшін айтқан алғыстары ұшан-теңіз. Өзінің қызметтік жағдайын жеке мақсатына пайдаланбай, кеңшар еңбеккерлеріне, ардагерлерге үнемі қамқорлық жасап, қолынан келгенінше күмегін жасайтын.

Бір үкініштісі, ол кісі Қазақстанымыздың тәуелсіз ел болғанын кіре алмай кетті. Оның гүлденуі үшін Жақсыбай Қалымтайұлы қолынан келген бәрін істер еді.

1971 жылы Тойым Есмағұлқызымен шаңырақ көтеріп, екеуі дүниеге үш ұл мен бір қызды әкеліп тәрбиелеп өсіреді.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көр­ген тон пішер» демекші, үлкен ұлы Төлеген – запастағы полковник, қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс концерннің экономикалық қауіпсіздік департаментінің директоры, «Намыс» құқық қорғау органдары ардагерлер қоғамының төрағасы,  екінші ұлы Сансызбай – Көкшетау қаласында жеке кәсіпкер, кіші ұлы Аман – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментініңдиректоры, ал кенжесі Зәуреш – Көкшетау қаласында Ақмола облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы.

Амал не, «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Соңынан қалған балалары әке жолын жалғап, елдің ардақты азаматтары.

Жақсыбай Қалымтайұлына қандай жақ­сы сөз арнаса да соған лайықты аза­мат еді. Жатқан жері жарық болып, жанына жәннаттан орын тисін, нұры пейіште шалқысын дей­міз. Жақсыбай ағамызды білетіндердің есінде жаны жайсаң, еңбекқор, ма­мандығына адал, жұмысына бе­рілген, үлкенге лайықты іні, кішіге құрметті аға бола білген азамат ретінде сақталатыны күмәнсіз. 

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления
live comments feed...