Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов алдағы бес жылда өңір ауылдарын дамытуға қомақты қаражат бөлінетінін жеткізді деп хабарлайды 7152.kz тілшісі.
-Өткен жылмен салыстырғанда облыс қазынасы 25%-ға, яғни 323 млрд теңгеден 406 млрд теңгеге дейін өсті. Жалпы 5 жыл ішінде біздің өңір 500 млрд теңге көлемінде елеулі мөлшерде қолдауға ие болады. Ол ақша түрлі салаларға жұмсалады. Бірақ мақсат жалғыз – солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл әсіресе ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына қатысты. Өңірдің 300 ауылын жаңартуға үлкен қаражат жұмсамақпыз, - деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, биыл 100-ден астам ауылда медициналық нысандар мен жолдар, инженерлік инфрақұрылым жөндеуден өтпек.
- Биыл 115 ауылды жаңғыртуға 17 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ауылдарда мектептер, балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, кентішілік жолдар мен сумен жабдықтау желілері күрделі жөндеуден өтеді, - деді әкім.
Тағы да оқыңыздар: СҚУ басшылығы вакцина алған студенттер мен қызметкерлеріне арнайы сыйлық береді