Аққайың ауданында құрғақ өсімдіктерді өртеу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактісі анықталды, 7152.kz хабарлайды.
2026 жылғы 28 наурызда Астраханка ауылының маңында, Қаратомар орманшылығы аумағында «Аққайың орман шаруашылығы» КММ қызметкерлері құрғақ шөпті өртеу жұмыстарын жүргізген. Аталған жұмыстарды жүргізу барысында жану орны тиісті бақылаусыз қалдырылып, соның салдарынан өрт 0,3 гектардан астам аумаққа таралған.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде өртеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны анықталды. Атап айтқанда, жану орнына бақылау жасалмаған және өрттің таралуын болдырмау, сондай-ақ тұтану ошақтарын жою бойынша шаралар қабылданбаған.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының 1-бөлігіне сәйкес «Аққайың орман шаруашылығы» КММ-не 64 875 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Еске саламыз:
Құрғақ өсімдіктерді өртеу тек өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын барлық жеке және заңды тұлғалар міндетті түрде орындауы тиіс. Оларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Отпен абайсыз жұмыс істеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.