18+

Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі апталық жаңалықтар

Коғамдағы резонансты оқиғалар, отандық кино жетістіктері және шоу-бизнестегі талқыланған тақырыптар туралы 7152.kz тілшісі хабарлайды.

Darmed клиникасына қатысты жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланды

Павлодар қаласында 17 жастағы қыздың отбасылық жанжалға қатысты видеоүндеуі әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Қыздың айтуынша, әкесі қайтыс болғаннан кейін туыстары анасы екеуін үйден қуып шыққан.

Кейін әлеуметтік желі қолданушылары жанжалға қатысы бар туыстарының бірі Darmed клиникасында гинеколог-эндокринолог болып жұмыс істейтінін анықтаған. Осыдан кейін медициналық орталықтың 2GIS-тегі парақшасына теріс пікірлер көбейіп, желі қолданушылары клиникаға бойкот жариялауға шақырды.

Darmed клиникасының негізін қалаушы Айгүл Ешматова жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, медициналық орталықтың отбасылық жанжалға қатысы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол жағдайдың мән-жайын анықтамай тұрып, қызметкерді жұмыстан шығаруға ниетті емес екенін жеткізді.

Отандық «Ерекше» фильмі үш халықаралық жүлдеге ие болды

Қазақстандық «Ерекше» көркем фильмі Мәскеуде өткен XXIV Халықаралық спорт киносы фестивалінде үш бірдей марапатқа ие болды. Картина «Үздік режиссер», «Үздік ер адам рөлі» және «Олимпиадалық құндылықтар» номинациялары бойынша үздік деп танылды.

Бочча спорты туралы түсірілген фильм параспортшылардың өмірі мен жетістіктерін баяндайды. Басты рөлдердің бірін сомдаған Расул Бауыржан «Үздік ер адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті.

Биыл фестивальге әлемнің 15 елінен 100-ден астам өтінім түскен. Қазақстандық туындының үш марапатқа ие болуы отандық киноиндустрия үшін маңызды жетістік болды.

«Әйел шешінбей, мәселе шешілмейді»: Төреғали Төреәлінің жұмбақ жазбасы желіде қызу талқыға түсті

Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Әйел шешінбей, мәселе шешілмейді» деген жазба жариялап, оқырмандардың назарын аударды.

Әншінің бұл сөзін желі қолданушылары әртүрлі қабылдады. Бірі жазбаны әзіл ретінде түсінсе, енді бірі оның астарында не жатқанын сұрап, түрлі пікір қалдырды.

Алайда Төреғали Төреәлі бұл сөзді қандай жағдайға байланысты айтқанын түсіндірмеген. Осыған байланысты оның жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.