18+

Канье Уэсттің концерті, Баян Алагөзоваға қатысты сот және Шымкенттегі қышқыл шабуыл: Kaznet-те не талқыланды?

Осы аптада Kaznet қолданушылары Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне қатысты сын, Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанның арызы бойынша сот шешімі және Шымкентте әйелге қышқыл шашу оқиғасына қатысты жаңа деректерді талқылады, деп хабарлайды 7152.kz шолушысы.

Канье Уэсттің Алматыдағы концерті: қазақ тіліне қатысты сын неге туындады?

Orda.kz Алматыда өткен америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті музыкалық қойылымымен ғана емес, ұйымдастыруға қатысты мәселелерімен де талқыланғанын жазады. Әлеуметтік желіде көрермендер шара барысында қазақ тілінің қолданылмауына қатысты наразылық білдірді.

Атап айтқанда, концерт аяқталғаннан кейін стадионнан шығу кезінде қауіпсіздікке қатысты ақпарат бірнеше тілде көрсетілген. Алайда олардың қатарында қазақ тілі болмаған. Ақпарат ағылшын, орыс және түрік тілдерінде ұсынылған.

Бұл жағдай көпшіліктің назарын аударды. Себебі халықаралық деңгейдегі іс-шара Қазақстанда өтіп жатқандықтан, көрермендерге арналған негізгі ақпараттың мемлекеттік тілде де берілуі заңды талап әрі қалыпты тәжірибе ретінде қабылданады.

Әсіресе қауіпсіздікке қатысты хабарламалардың түсінікті болуы маңызды.

Мұндай ақпаратты барлық көрермен еш қиындықсыз қабылдай алуы керек. Сондықтан қазақ тіліндегі нұсқаның болмауы ұйымдастырушылар тарапынан жіберілген кемшілік ретінде бағаланды.

Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне деген қызығушылық өте жоғары болды. Бастапқыда шоу 14 тамызға жоспарланғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты концерт 15 тамызға ауыстырылды. Соған қарамастан көрермендер іс-шараға белсенді қатысып, әлемдік деңгейдегі шоуға куә болды.

Концертті First Media Group ұйымдастырды. Компания бұған дейін Алматыда Дженнифер Лопес, Backstreet Boys секілді танымал әлемдік орындаушылардың концерттерін өткізген.

Алайда бұл жолы музыкалық бағдарламадан бөлек, ұйымдастырушылардың аудиториямен коммуникациясы да талқыланды. Бір қарағанда, қазақ тіліндегі бір ақпараттың болмауы ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін. Дегенмен халықаралық іс-шаралар кезінде мұндай детальдардың өзі маңызды.

Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанның арызы бойынша сот шешімі шықты

NUR.KZ Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанның арызы бойынша сот шешімі шыққанын хабарлайды. Сот Лепесованы жала жабу бойынша кінәлі деп танып, оған 1 миллион 557 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Бұл іске әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар себеп болған.

Алайда сот отырысында Бағдагүл Лепесова өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол мұндай видеоны өзінің парақшасына жарияламағанын айтып, тараған материалдарға жауап беруге негіз жоқ екенін жеткізді.

Қорғаушы тарап та бейнематериалдардың монтаж арқылы жасалуы немесе жасанды интеллект көмегімен өңделуі мүмкін екенін алға тартқан. Сонымен қатар видеоны жариялаған аккаунттардың иелерін анықтап, оларды сотта жауапқа тартуды сұраған.

Баян Алагөзова сот отырысына онлайн қатысты. Продюсер әлеуметтік желіде өзі туралы айтылған сөздер ар-намысына тигенін айтып, кешірім сұрауға немесе медиация арқылы келісімге келуге ниетті емес екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, интернетте адамды қорлау мен қаралау қалыпты құбылысқа айналмауы керек. Баян Алагөзова бұл істің нәтижесі әлеуметтік желідегі жауапкершілік мәселесіне қатысты өзгелерге де сабақ болғанын қалайтынын жеткізді.

Сот қорытындысында Бағдагүл Лепесова Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған салынған 1 миллион 557 мың теңге айыппұлды 30 тәуліктен кешіктірмей төлеу міндеттелді.

Шымкенттегі әйелге қышқыл шашу оқиғасы: шабуылдың мән-жайы белгілі болды

Turkystan.kz Шымкентте 42 жастағы әйелге жасалған қышқыл шабуылға қатысты жаңа деректер белгілі болғанын жазады. Тергеу нұсқасына сәйкес, әйелге қышқылды оның бұрынғы күйеуі шашқан. Оқиға 2 тамызда болған, қазіргі уақытта жәбірленуші ауыр жағдайда медициналық көмек алып жатыр.

Белгілі болғандай, ер адам бұрынғы жұбайымен бірнеше жыл бойы байланыста болмаған. Алайда олардың арасында алиментке қатысты дау туындаған. Әйел сот арқылы алимент өндіріп алуға жүгінген кезде, ер адам өзінің табысын небәрі 80 мың теңге деп көрсетіп, ай сайын шамамен 10 мың теңге көлемінде төлем жасап отырған.

Оқиғаға дейін де бұрынғы күйеуі әйелдің жұмыс орнына барып, онымен жанжал шығарған. Ол әйелден алименттен нотариус арқылы бас тартуды талап еткен. Сонымен қатар бұрынғы жұбайын несие рәсімдеуге мәжбүрлемек болғаны туралы да ақпарат айтылды.

Шабуылдың өзі алдын ала ойластырылған болуы мүмкін деген болжам бар. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ер адам әйелді түнде үйден шығуға көндіріп, оны алдап шақырған. Ол шаштараз болып жұмыс істейтін бұрынғы әйеліне түнгі уақытта шугаринг қызметін көрсетуді сұраған. Таңертең ұшақпен жолға шығатынын айтып, кездесуге себеп тапқан.

Әйел сыртқа шыққан кезде күдікті тасада тұрып, оның бетіне қышқыл шашып жіберген деген нұсқа қарастырылып отыр. Салдарынан жәбірленушінің беті мен денесінің бірнеше бөлігі қатты күйіп, ауыр жарақат алған. Қазіргі таңда оның жағдайы ауыр, бірнеше хирургиялық операция қажет болуы мүмкін. Тергеу жалғасуда.

Заң мен тәртіп
19:00, 13 августа